Alumni NIS
01keh7rez5y1w888c53ebhs6n1
Көрнекті түлектер

Альнур Акчурин

Профиль

Тірі су. Нұр-Сұлтандық оқушы өнімділікті бірнеше есеге арттырудың жолын ойлап тапты

Елорда оқушысы Альнур Ақчурин Назарбаев Университетінің Инновациялық кластерінің инкубациялық бағдарламасы аясында өнімділікті арттыратын инновациялық агрогель жобасын таныстырған кезде небәрі 17 жаста еді.

— Мен ең жас қатысушы болдым. Сондықтан көпшілік жобаны да, мені де байыпты қабылдамаған шығар, — деп еске алады екі жылға жуық уақыт өткен соң қазір АҚШ-тағы Northwestern University студенті, қолданбалы математика және computer science салаларының болашақ маманы, Forbes Kazakhstan-ның «30 жасқа дейінгі 30» рейтингіне енген Альнур Ақчурин. Соған қарамастан, жасы оның бағдарлама жеңімпазы атануына кедергі болмады, ал әзірлемесі мамандардың назарын аударды.

Химия және өмір

Альнурдың айтуынша, бәрі мектептегі химияға деген қызығушылықтан және өзін маңызды ғылыми зерттеулерде сынап көруге деген ниеттен басталған. 10-сыныпта ол ғылыми қызметке алғашқы қадамдарын жасауға көмектесетін маман іздей бастады. 2017 жылы тәлімгерлік міндетті, кейіннен бизнес-серіктестікке ұласқан рөлді Қазақ технология және бизнес университетінің профессоры Ерлан Жаткамбаев өз мойнына алды. Сол кезде ол құмды және құнарлылығы төмен топырақты ылғалдандыруға арналған полиакрилатты агрогель әзірлеп жүрген еді. Мұндай өнімдер Қытайда, Еуропада және АҚШ-та ауыл шаруашылығында қолданылғанымен, Қазақстанда пайдаланылмаған болатын.

— Құмды, құнарлылығы төмен топырақта жақсы өнім өсіру қиын. Ал Қазақстан аумағындағы топырақтардың едәуір бөлігі қуаң аймақтарда орналасқан: мұнда буланатын ылғал мөлшері түсетін ылғалдан көп. Біз ылғалдандыратын және тыңайтқыштармен синтезделген гельдердің әртүрлі түрлерін әзірлеуге болады деп ойладық. Мұндай гельдер қолданылғаннан кейін топырақта ыдырап, өсімдік тамырларын ылғалмен қамтамасыз етіп, тыңайтқыштармен қоректендіреді. Тыңайтқыштарды тікелей топыраққа енгізген кезде олардың әр учаскеде бірдей концентрацияда таралуын қамтамасыз ету мүмкін емес: бір жерге көбірек, басқа жерге азырақ түседі. Ал гельмен бірге қолданғанда тек қажетті мөлшерді ғана емес, әртүрлі дақылдарға оңтайлы тыңайтқыштардың арақатынасын да таңдауға болады, — дейді Альнур.

Гельдің негізгі компоненті — суда өте жақсы еритін, ылғалды жоғары деңгейде сіңіретін, тұтқырлығы жоғары және жоғары температура әсеріне төзімді калий полиакрилаты. Гельді түйіршіктеп, тұқымдармен бірге топыраққа құрғақ күйінде енгізуге болады. Уақыт өте келе өсімдіктің тамырлары түйіршіктерді айнала өсіп, гель оларды қоректендіреді: құрғақшылық кезінде ылғал береді, ал жаңбыр кезінде оны қайта сіңіреді. Бір грамм гель 100 грамм суды сіңіре алады.

Табиғатқа қарсы

Красноводопад ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында жүргізілген алғашқы сынақтар бір гектарға 50 кггель қолданылған жағдайда өнімділіктің 180%-ға артатынын көрсетті. Сонымен қатар тәжірибе барысында гидрогельді пайдалану судың шығынын, сондай-ақ топыраққа енгізілетін тыңайтқыштардың көлемін азайтуға мүмкіндік беретіні анықталды. Альнурдың айтуынша, мысалы, көп мөлшерде суды қажет ететін күрішті өсіру үшін әр гектарға шамамен 90 кг тыңайтқыш жұмсалады.

— Тыңайтқыштармен байытылған агрогель өсімдік тамырларының тікелей жанында орналасқанда, тыңайтқыштардың өзі тиімдірек жұмыс істейді. Сонымен қатар бұл әдістің экологиялық тұрғыдан да артықшылықтары көп: жаңбыр мен суару кезінде тыңайтқыштар шайылып кетпейді, топырақ пен су қоймаларын ластамайды, — деп түсіндіреді Альнур.

2018 жылы полиакрилат гелі жобасы Назарбаев Университетінің стартап-жобаларды акселерациялау бағдарламасына қатысқаннан кейін әзірлеушілер Ақтөбе облысымен әзірлемені өңірдің ауыл шаруашылығында пайдалану мүмкіндігі жөнінде меморандумға қол қойды. Альнурдың айтуынша, табиғи-климаттық жағдайлары тұрғысынан Ақтөбе облысы өнімді сынақтан өткізу үшін мінсіз алаң болып көрінді.

— Кез келген жобада сәттілік элементі болады. Сол кезде біз идеямызды қолдауға дайын адамдарды кездестіргенімізге жолымыз болды деуге болады. Өйткені аграршылар арасында жаңа шешімдерді қабылдауы қиын консервативті көзқарастағы адамдар да бар, — дейді ол.

Жоба бастамашыларына сондай-ақ Курчатовтағы Ядролық технологиялар паркімен ынтымақтастық орнату мүмкіндігі берілді. Парк сынақтар жүргізуге және өндірісті ұйымдастыруға қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті.

2019 жылдың басында Альнур және оның командасы хитозан негізіндегі минералдармен байытылған агрогель жасау жобасына кірісті. Хитозан негізі қосымша бактерияға қарсы қасиеттерді қамтамасыз етеді. Бірнеше жылдан кейін хитозан топырақта ыдырап, оған зиян келтірмейді. Сонымен қатар оны өндіру шетелдік агрогельдерде қолданылатын целлюлозаны өндіруге қарағанда арзанырақ. «Shell Қазақстан» компаниясы Назарбаев Университетінің Инновациялық кластерінің инкубациялық бағдарламасына демеушілік қолдау аясында жобаға 500 мың теңге бөлді.

— Целлюлозаны синтездеу процесі айтарлықтай шығынды талап етеді, өйткені шикізатты тұрақты түрде жеткізіп отыру қажет, сондықтан импорттық гельдер қымбатқа түседі. Ал хитозан табиғатта саңырауқұлақтардың белгілі бір түрлерінің жасуша қабырғаларында, сондай-ақ шаянтәрізділер мен жәндіктердің қабықтарында кездесетін хитиннен алынады. Біздің жағдайда шикізат алу үшін өнеркәсіптік жәндік фермасын немесе Ядролық технологиялар паркінің аумағында саңырауқұлақ шаруашылығын құруға болар еді. Қаржылық тұрғыдан екінші нұсқа тиімдірек, өйткені жәндіктерді пайдаланумен салыстырғанда хитозанның шығымдылығы жоғары әрі іс жүзінде тұйық өндірістік цикл ұйымдастыруға мүмкіндік береді, — деп есептейді Альнур.

Өнертапқыштың айтуынша, агрогельдер кез келген дақылды өсіруге жарайды, тіпті Қазақстан үшін экзотикалық саналатын мәдениеттерді де өсіруге болады. Ең бастысы — топырақтың қолайлы құрылымын қалыптастыру, оны гельдің құрамына енгізілген минералдар мен тыңайтқыштардың көмегімен қайта жасау.

Өкінішке қарай, пандемия жобаның жүзеге асуына түзетулер енгізді. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда патент алуға өтінім қарастырылып жатыр. Алайда 2020 жылдың наурызында төтенше жағдай режимі енгізілгеннен кейін әзірлеушілер агрогельді далалық жағдайда тәжірибеден өткізу және сынау мүмкіндігінен айырылды. Ал бұл кезеңсіз жаппай өндірісті жоспарлау мүмкін емес.

Өткен жылдың соңында Шығыс Қазақстан облысында аурушаңдық деңгейі жоғары болып, жергілікті билік қатаң карантиндік шаралар қабылдады. Бұл Курчатовта бірінші типтегі гель өндірісіндегі қызметкерлердің жұмысын қиындатты.

— Іс жүзінде бізге тек тәжірибелер жүргізу қалды. Бірақ коронавирусқа байланысты шектеулердің кесірінен мұны жасай алмай отырмыз. Бізде сынақ жүргізуге арналған жер учаскелері де, жеке компаниялармен келісімдер де бар. Хитозан негізіндегі агрогель өндірісіне келсек, зерттеулерімізді қолдауға дайын ауыл шаруашылығы компаниялары бар. Олар шикізат алу үшін саңырауқұлақ немесе жәндік фермаларын құруға қызығушылық танытып отыр. Бірақ бәрі коронавирус жағдайына байланысты. Әзірге жазда жұмысты бастауды жоспарлап отырмыз, дегенмен ешкімге артық үміт бермеуге тырысамыз, — дейді Альнур күрсініп.

Білімге апарар жол

Форс-мажор жас ғалымға пандемияның ауыл шаруашылығына қарағанда әсері аз салада жаңа жобаны қолға алуға кедергі болмады. Оның жаңа Impact жобасының мақсаты — отбасылары балаларын шетелде оқытуға қаржылық мүмкіндік таба алмайтын немесе шетелдік университетке түсу процесін дұрыс ұйымдастыру жолдарын білмейтін қабілетті жастарға шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге көмектесу.

Альнурдың айтуынша, Impact жобасының алдында Қазақстанда достарымен бірге жүзеге асырған кәсіби бағдар беру жобасы болған.

— АҚШ-қа оқуға келгеннен кейін бұл жерде білім алуға арналған орасан зор мүмкіндіктер бар екеніне көзім жетті. Ал ТМД елдеріндегі көптеген жастардың америкалық университетке түсуге шамалары толық жететінін елестете де алмайтынын түсіндім. Біреулер емтихандарға дайындықты неден бастау керегін білмейді, көпшілігінің қаржылық мүмкіндіктері шектеулі, ал кейбіреулерінің денсаулығына байланысты қиындықтары бар. Бірақ біз осындай заманда және осындай әлемде өмір сүріп жатырмыз: адамның шыққан ортасының маңызы біртіндеп азайып келеді. Сенің бастапқы жағдайың дамуыңа кедергі болмауы керек, — деп есептейді Альнур.

Жоба 2020 жылдың шілдесінде іске қосылды, командада 17 адам жұмыс істейді. Impact арқылы қазірдің өзінде 1000-нан астам оқушы ақпараттық қолдау алды. Олардың басым бөлігі — Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның жоғары сынып оқушылары.

Қазіргі уақытта 15 адам Impact ұсынатын консалтинг қызметтерін пайдаланады, ал тағы 80 адам Альнур мен оның серіктестері өткен жылдың соңында іске қосқан ақпараттық курстың тыңдаушысы болып табылады.

Курс аясында тыңдаушылар жазылған сабақтары бар платформаға қол жеткізеді, вебинарларға қатысады, үй тапсырмаларының орындалуы бақыланады, емтихандарға және АҚШ-тың жоғары оқу орындарына түсу үшін қолданылатын стандартталған SAT тестіне дайындық жүргізіледі.

Жоспарда оқыту платформасын, консалтинг қызметтерін және америкалық университеттерде сапалы білім алғысы келетін жастарға қаржылық қолдау көрсетуге бағытталған қорды біріктіретін экожүйе құру бар.

— Қызметтеріміздің бағасын IELTS-ке дайындық құнымен салыстырсақ, біз дәл сол айына 50–60 мың теңгекөлемінде платформада жинақталған оқу материалдарына және оқытушылармен сабақтарға қолжетімділік береміз, — дейді Альнур. — Коронавирус салдарынан университеттің шынайы аудиториясына жақын арада бара алмасаң да, шетелде жоғары білім алу мүмкін емес нәрсе емес. Ең бастысы — емтихандарға мұқият дайындалып, түсу процесінің заңдық ерекшеліктерін жан-жақты зерттеу.

Сонымен қатар Альнур шетелде оқуды ешқашан туған елін біржола тастап кетудің жолы ретінде қарастырмағанын атап өтеді.

— Диплом алғаннан кейін, ең ықтимал сценарий бойынша, АҚШ-та бірнеше жыл жұмыс істеймін. Университетіміздің жергілікті компаниялармен жақсы байланыстары бар, сондықтан мансаптық өсуге берілетін мұндай мүмкіндікті пайдаланбау — кем дегенде, көрегендікке жатпайды. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанға оралып, оның дамуына үлес қосуды және алған біліміммен бөлісуді жоспарлап отырмын. Біздің Impact жобамыз да біржола кету туралы емес. Ол үйге бұрынғыдан да мықты болып оралу туралы, — дейді Альнур.

Көрнекті түлектер

  • Жаңартылды2026 ж. 11 қараша

Басқа профильдер

01kf36cnc714nqfpss2jaw2jca

Куаныш Маден

Киноға арналған постерлер қалай жасалады? Үш дизайнер «Оскар» иегерлері мен қазақстандық фильмдердің постерлерінің идеяларын түсіндіреді «Оскар» сыйлығында «Үздік фильм постері» номинациясы жоқ. Тіпті 1929 жылы алғашқы марапаттау рәсімінде болған «Үздік титрлар тізбегі» номинациясы да 1930 жылы алынып тасталған. Сондықтан 2025 жылы біз эксперимент жүргізуді ұйғардық: қазақстандық дизайнерлерге «Оскар-2025» сыйлығына ұсынылған фильмдердің барлық постерлерін ұсынып, олардың ішінен үздіктерін таңдауды сұрадық. Постер жасау — тұтас бір фильмнің әлемін бір ғана визуалды бейне арқылы жеткізу өнері. Сәтті жасалған постер фильм тарихының бір бөлігіне айналып, кинотеатрдан шыққанымыздан кейін де ұзақ уақыт бойы есте қалады. «Менің атым Қожа», «Патруль» және «Shulamah» фильмдерінің постерлерімен жұмыс істеген дизайнер Қуаныш Маденнің айтуынша, оларды жасау процесі көбіне қысқа мерзімде және шектеулі ресурстармен жүзеге асады. «Кейде түсірілім жұмыстары әлдеқашан аяқталғандықтан, постерлерді скриншоттардан құрастыруға тура келеді. Сапаны жақсарту және эффектілерді қосу көп уақытты талап етеді», — дейді ол. «Мерген», «Қара, қара адам» және «1941 жылдың жазы» фильмдеріне постер жасаған Әсем Рамазанова типографиканың рөліне назар аударады: «Қаріп — жай ғана мәтін емес, визуалды стильдің маңызды элементі. Батыстық постерлерде фильмнің көңіл күйін жеткізуге көмектесетін эксперименталды, қолжазба немесе минималистік қаріптерді қолдану үрдісін байқауға болады». «Тараз», «Ёлки 8» және «Жауап бер» фильмдерінің постерлерінің авторы Игорь Юг қазақстандық кино дизайнерлерінің негізгі тәсілі туралы былай дейді: «Көрермен фильмнің жанрын бірден түсініп, оның эмоциясын сезінуі маңызды. Қазақстанда постерлер көбіне танымалдық пен бірден тануға бағытталады: актерлердің ірі портреттері және түсінікті түстік шешімдер қолданылады». Әлемдік киноиндустрияда көптеген детальдары, кадр тереңдігі және әсерлі визуалды тәсілдері бар күрделі композицияларға деген үрдіс жалғасып жатқанда, Қазақстанда қарапайымдылық пен нақтылыққа басымдық беріледі. Ендеше, «Оскар-2025» номинанттарының қай постерлерін қазақстандық дизайнерлер үздік деп бағалады?Киноға арналған постерлер қалай жасалады? Үш дизайнер «Оскар» иегерлері мен қазақстандық фильмдердің постерлерінің идеяларын түсіндіреді «Оскар» сыйлығында «Үздік фильм постері» номинациясы жоқ. Тіпті 1929 жылы алғашқы марапаттау рәсімінде болған «Үздік титрлар тізбегі» номинациясы да 1930 жылы алынып тасталған. Сондықтан 2025 жылы біз эксперимент жүргізуді ұйғардық: қазақстандық дизайнерлерге «Оскар-2025» сыйлығына ұсынылған фильмдердің барлық постерлерін ұсынып, олардың ішінен үздіктерін таңдауды сұрадық. Постер жасау — тұтас бір фильмнің әлемін бір ғана визуалды бейне арқылы жеткізу өнері. Сәтті жасалған постер фильм тарихының бір бөлігіне айналып, кинотеатрдан шыққанымыздан кейін де ұзақ уақыт бойы есте қалады. «Менің атым Қожа», «Патруль» және «Shulamah» фильмдерінің постерлерімен жұмыс істеген дизайнер Қуаныш Маденнің айтуынша, оларды жасау процесі көбіне қысқа мерзімде және шектеулі ресурстармен жүзеге асады. «Кейде түсірілім жұмыстары әлдеқашан аяқталғандықтан, постерлерді скриншоттардан құрастыруға тура келеді. Сапаны жақсарту және эффектілерді қосу көп уақытты талап етеді», — дейді ол. «Мерген», «Қара, қара адам» және «1941 жылдың жазы» фильмдеріне постер жасаған Әсем Рамазанова типографиканың рөліне назар аударады: «Қаріп — жай ғана мәтін емес, визуалды стильдің маңызды элементі. Батыстық постерлерде фильмнің көңіл күйін жеткізуге көмектесетін эксперименталды, қолжазба немесе минималистік қаріптерді қолдану үрдісін байқауға болады». «Тараз», «Ёлки 8» және «Жауап бер» фильмдерінің постерлерінің авторы Игорь Юг қазақстандық кино дизайнерлерінің негізгі тәсілі туралы былай дейді: «Көрермен фильмнің жанрын бірден түсініп, оның эмоциясын сезінуі маңызды. Қазақстанда постерлер көбіне танымалдық пен бірден тануға бағытталады: актерлердің ірі портреттері және түсінікті түстік шешімдер қолданылады». Әлемдік киноиндустрияда көптеген детальдары, кадр тереңдігі және әсерлі визуалды тәсілдері бар күрделі композицияларға деген үрдіс жалғасып жатқанда, Қазақстанда қарапайымдылық пен нақтылыққа басымдық беріледі.

Профильді оқу
01kf370keymvqrbt9xk1b1h30h

Камила Сакен

Мектептердегі жоғары тәуекел тобындағы жасөспірімдерді жасанды интеллект көмегімен анықтауға және оқушыларға психологиялық әрі академиялық қолдауды автоматтандыруға көмектесетін қазақстандық WeGlobal AI EDTECH стартапының негізін қалаушысы. Жоба Қазақстанның барлық өңіріндегі мектептерге енгізіліп, болашақта Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка (MENA) нарығына шығуды көздейді. Біз мектептен де көп нәрсені көреміз: жасанды интеллект тәуекел тобындағы жасөспірімдерді анықтауға қалай көмектеседі? Digital Bridge 2025 форумында Astana Hub Battle байқауының финалында Қазақстанда әзірленген WeGlobal AI платформасы таныстырылды. Платформа мектеп оқушыларына психологиялық және академиялық қолдауды біріктіріп, депрессия немесе дағдарыстық жағдайдағы жасөспірімдерді дер кезінде анықтауға көмектеседі. Жобаның негізін қалаушылардың бірі Камила Сәкеннің айтуынша, стартаптың идеясы нақты жағдайдан кейін пайда болған. Шағын мектептердің бірінде 15 жастағы Аружан есімді оқушы сырттай қатарластарынан еш ерекшеленбеген. Алайда ол терең депрессиядан зардап шегіп, тіпті суицид жасауға әрекеттенген. Бұл туралы мұғалімдер де, мектеп психологы да білмеген. Себебі көптеген білім беру ұйымдарындағыдай, психолог бір уақытта жүздеген оқушымен жұмыс істейді. Мәселе платформа іске қосылғаннан кейін ғана анықталған. Мектеп психологы алаңдататын белгілерді байқап, қызды әңгімеге шақырған. Әңгіме барысында оның білегінде тыртықтар бар екенін анықтаған. «Біз жұмыс істейтін бір ғана ауданда жүйе мектептер тіпті күдіктенбеген терең депрессияға шалдыққан 539 оқушыны анықтады», — деді Камила. WeGlobal AI платформасы қарапайым принцип бойынша жұмыс істейді: мектеп платформаға қосылғаннан кейін оқушылар мобильді қосымша алады. Онда олар психологиялық тесттерден өтіп, білім беру жоспарларымен және академиялық қиындықтарымен бөліседі. Жүйе жиналған деректерді талдап, педагогтарға арналған ұсыныстар қалыптастырады. Осы арқылы қосымша қолдауды қажет ететін оқушыларды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қағазбастылықтың басым бөлігі автоматтандырылады. Стартаптың академиялық бағыты аясында оқушыларға қосымша білім беру өнімдері де ұсынылады: ағылшын тілі курстары, университетке түсуге және SAT емтиханына дайындық бағдарламалары. Дәл осы қосымша өнімдерді ұсыну механизмі жобаның негізгі бизнес-модельдерінің біріне айналды. Стартаптың мәліметінше, қазіргі таңда WeGlobal AI-дың жеке онлайн мектебі айына шамамен 330 мың доллар табыс әкеледі. Ал Алматыда платформаға жазылған мектептер үшін жақында өткізілген офлайн іс-шара қосымша 42 мың доллар табыс әкеліп, 22% конверсия көрсеткен. 2023 жылдың соңынан бері жұмыс істеп келе жатқан стартап өз жұмысын Қазақстаннан бастады. Бір жылдың ішінде клиент мектептердің саны 8-ден 800-ге дейін өскен. Команданың келесі мақсаты — MENA (Таяу Шығыс және Солтүстік Африка) аймағына шығу. Бұл нарықтың әлеуеті 2 миллиард долларға бағаланады. «Біздің мақсатымыз — тәуекел тобындағы балаларды анықтаумен ғана шектелмей, жасөспірімдерге психологиялық әл-ауқаты мен академиялық дамуы үшін қажетті құралдарды ұсынатын тұтас қолдау экожүйесін құру», — деп қосты Камила.

Профильді оқу
01jwzeeaznnqabdyz1nxxk2gsz

Диас Кожантаев

Warner Bros. Discovery компаниясының креативті продюсері. Ол Max және Eurosport платформаларына арналған вирустық бейне-контент жасайды. 2025 жылы оның үш жобасы GEMA Awards сыйлығына номинация алды. Сонымен қатар ол актерлік бағытта да жұмыс істеп, «Dune: Part Two» фильмінің түсіріліміне қатысқан.

Профильді оқу

Келесі профильдің пайда болуына көмектесіңіз

Менторлық, chapter кездесулері және грант бағдарламалары — осындай жолды келесі буын үшін қолжетімді ететін нәрсе.